13.11.26

Сәулет мектебінің индустриялық комитеті: білім мен кәсіби саланың байланысын нығайту

13 қарашада KazGASA-да Сәулет мектебінің Индустриялық комитетінің кезекті отырысы өтті. Жиынға сәулет және құрылыс саласындағы кәсіби қауымдастық өкілдері, салалық ұйымдар мен компаниялардың мамандары, сондай-ақ KazGASA профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

 

Кездесудің негізгі мақсаты -сәулет саласындағы заманауи үрдістерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру, академиялық орта мен кәсіби индустрия арасындағы байланысты нығайту және болашақ мамандарды еңбек нарығының өзекті талаптарына сай даярлау мәселелерін талқылау.

 

Отырыс барысында қатысушылар сәулет саласындағы цифрлық трансформация, заманауи жобалау технологиялары мен жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісіне енгізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар студенттердің кәсіби және практикалық дағдыларын дамыту, оқу бағдарламаларын өндірістің нақты қажеттіліктерімен үйлестіру, жұмыс берушілердің білім беру үдерісіне қатысуын кеңейту мәселелері қарастырылды.

 

Индустриялық комитет мүшелері саланың қазіргі даму бағыттары мен мамандарға қойылатын талаптар жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру мазмұнын жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдірді. Кәсіби орта өкілдерінің пікірлері болашақ сәулетшілерді даярлау барысында теориялық білім мен практикалық тәжірибенің сабақтастығын қамтамасыз етудің маңыздылығын көрсетті.

 

Сондай-ақ кездесу аясында академиялық қауымдастық пен индустрия өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту, бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру, студенттердің кәсіби ортаға бейімделуіне жағдай жасау бағыттары талқыланды.

 

Индустриялық комитеттің отырысы тәжірибе алмасуға, кәсіби қауымдастықпен ынтымақтастықты нығайтуға және сәулет білімін дамытудың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер KazGASA-ның білім беру бағдарламаларын саланың нақты сұраныстарына бейімдеуге, академиялық білім мен практиканы ұштастыруға және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған жұмысының маңызды бөлігі болып табылады.