24.11.26

KazGASA студенттері GLOBAL STUDENT FORUM – 2026 халықаралық форумында 14 жүлделі орын иеленді

2026 жылғы 16–17 қарашада KazGASA Сәулет мектебі мен Дизайн мектебінің студенттері Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде өткен GLOBAL STUDENT FORUM – 2026 халықаралық форумына қатысты. Ғылыми және байқау бағдарламаларының қорытындысы бойынша университет командасы 14 жүлделі орынға ие болды.

Форум аясында «Жаңа буын ғылымы: зерттеулер, инновациялар және жаһандық сын-қатерлер» атты I Халықаралық студенттік ғылыми-инновациялық конференция өтті. Іс-шараға 10 елдің университеттерінен жас зерттеушілер мен академиялық қауымдастық өкілдері қатысты.

KazGASA студенттері бірнеше байқау бағыты бойынша өздерінің ғылыми зерттеулері мен жобаларын ұсынды. Атап айтқанда, ғылыми баяндамалар жасап, үш минуттық питчингке, ғылыми постерлер байқауына қатысып, стартаптар мен инновациялық жобаларын таныстырды.

Зерттеу жұмыстары заманауи сәулет, дизайн және тұрақты даму салаларындағы өзекті мәселелерді қамтыды.

Сонымен қатар студенттер ірі қалалардың экологиялық даму аспектілеріне, табиғи-климаттық факторлардың заттық-кеңістіктік ортаға әсеріне және Алматы қаласындағы тығыз тұрғын үй құрылысы жағдайында қалалық ортаны қалыптастыру ерекшеліктеріне назар аударды.

Ұсынылған зерттеулер жас зерттеушілердің ғылыми ізденістерді практикалық шешімдермен ұштастыруға деген ұмтылысын көрсетті. Олардың назарында адамға қолайлы орта қалыптастыру, қалалық кеңістіктің сапасы, экологиялық тұрақтылық, инклюзивтілік және қоғамдық кеңістіктерді ұйымдастырудың жаңа тәсілдері тұр.

Форум қорытындысы бойынша KazGASA студенттері 14 жүлделі орынға ие болды:
Омрханова Айдана — екі бірінші және бір екінші орын;
Отаубай Аружан Асхатқызы мен Тажибай Арухаи Талтатқызы — бір бірінші және екі үшінші орын;
Кувантаева Алина — екі екінші және бір үшінші орын;
Шаповалов Роман — екінші және үшінші орын;
Отегенова Алема — екінші орын;
Алиева Самал — үшінші орын;
Анатолийқызы Аяжан — үшінші орын.

Студенттердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік етіп, оларды форумға дайындаған оқытушылар: Лобанова Алина Наильевна, Аймагамбетова Зауре Туленовна және Заяц Инна Михайловна.

Байқау бағдарламасымен қатар, команда жетекшілері жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық дөңгелек үстелге қатысты. Кездесу барысында бірлескен ғылыми және білім беру бастамаларын жүзеге асыру перспективалары, академиялық тәжірибе алмасу және жаңа серіктестік байланыстар орнату мәселелері талқыланды.

Конференция қорытындысы бойынша студенттердің зерттеу нәтижелері енгізілетін ғылыми мақалалар жинағын шығару жоспарланып отыр.

GLOBAL STUDENT FORUM – 2026 халықаралық форумына қатысу және 14 жүлделі орын иелену KazGASA студенттерінің жоғары ғылыми және шығармашылық әлеуетін, сондай-ақ болашақ сәулетшілер мен дизайнерлердің зерттеушілік құзыреттерін дамыту бағытындағы оқытушылар жұмысының нәтижелілігін көрсетті.