20 қарашада KazGASA-ның ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Нұрхат Жәкиев Грекиядағы Афина ұлттық техникалық университетінің (National Technical University of Athens, NTUA) өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты халықаралық академиялық және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін айқындау болды.
1837 жылы құрылған Афина ұлттық техникалық университеті (NTUA) Еуропадағы жетекші инженерлік жоғары оқу орындарының бірі және Грекия университеттері арасында бірінші орында тұр. QS World University Rankings 2027 рейтингі бойынша университет әлемдік рейтингте 378-орынға ие. QS World University Rankings by Subject 2026 пәндік рейтингінде Engineering & Technology бағыты бойынша әлемде 134-орында. Сонымен қатар университет EULiST еуропалық университеттер альянсының мүшесі болып табылады.
NTUA тарапынан кездесуге ғылыми зерттеулер, инновациялар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор, профессор Эммануил Варваригос (Emmanouil Varvarigos), Азаматтық құрылыс мектебінің деканы, профессор Элени И. Влахогианни (Eleni I. Vlahogianni), сондай-ақ Халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Антония Лампропулу (Antonia Lampropoulou) қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар әріптестіктің негізгі бағыттарын қарастырды. Атап айтқанда, Horizon Europe және Erasmus+ бағдарламаларын қоса алғанда, халықаралық ғылыми-білім беру бағдарламаларына бірлескен өтінімдер дайындауға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық төзімділігі, энергия менеджменті және энергетикалық модельдеу, құрылыс саласын цифрландыру, сондай-ақ NTUA-ның есептеу инфрақұрылымын пайдалана отырып, жасанды интеллект технологияларын қолдану бағыттарында бірлескен зерттеулер жүргізу перспективалары талқыланды.
Бұдан бөлек, сәулет мұрасын сақтау саласындағы ынтымақтастық, соның ішінде ЮНЕСКО бағыты бойынша халықаралық серіктестермен байланыс орнату мүмкіндіктері қарастырылды.
Білім беру саласында тараптар NTUA Сәулет мектебі мен Азаматтық құрылыс мектебі профессорларының KazGASA студенттері мен оқытушыларына арналған қонақ дәрістерін ұйымдастыруға, сондай-ақ студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын кеңейтуге және тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірді.
Келіссөздердің маңызды бағыттарының бірі NTUA-ның 2027 жылғы 16–18 маусымда Алматы қаласында өтетін GASA 2027 халықаралық конференциясын ұйымдастыруға қатысу мәселесі болды. Грекия университетімен ынтымақтастық конференцияның халықаралық сарапшылық аясын кеңейтіп, екі елдің ғылыми-білім беру қауымдастықтары арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша KazGASA әріптестеріне басым ынтымақтастық бағыттарын айқындау мақсатында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобаларға шолу жолдайды. Келесі практикалық қадам халықаралық зерттеу бағдарламасы аясында алғашқы бірлескен өтінімді дайындау болмақ.
Кездесу сындарлы әрі жылы атмосферада өтті. Тараптар естелік сыйлықтармен алмасып, өзара әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екендіктерін растады.
Әлемнің жетекші инженерлік университеттерімен ынтымақтастықты кеңейту KazGASA үшін халықаралық зерттеулер, академиялық ұтқырлық және жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялану бағыттарында жаңа мүмкіндіктер ашады.