20.11.26

KazGASA-да KAZGOR жобалау академиясының жетекші мамандарымен кәсіби кездесу өтті

20 қараша күні KazGASA-да KAZGOR жобалау академиясының жетекші мамандары мен сәулет мамандығының студенттері арасында кәсіби кездесу өтті. Кездесу болашақ сәулетшілердің кәсіби бағдарын кеңейтуге, олардың салалық білімін тереңдетуге және жобалау индустриясының заманауи талаптарымен таныстыруға бағытталды.

Іс-шара барысында KAZGOR жобалау академиясының өкілдері сәулет және жобалау саласындағы көпжылдық тәжірибелерімен бөлісіп, ірі әрі күрделі сәулет жобаларын әзірлеу мен жүзеге асырудың ерекшеліктері туралы баяндады. Мамандар жобалау процесінің негізгі кезеңдеріне, сәулеттік шешімдерді әзірлеуге, жобалық жұмыстарды үйлестіруге және заманауи технологияларды өндірістік тәжірибеге енгізуге қатысты өзекті мәселелерге тоқталды.

Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі -құрылыс және сәулет саласында кеңінен қолданылып келе жатқан BIM (Building Information Modeling) технологиялары болды. Қатысушылар ақпараттық модельдеу жүйелерінің жобалау процесіндегі рөлі, олардың жұмыс тиімділігін арттыруға, жобалық шешімдердің дәлдігін қамтамасыз етуге және әртүрлі мамандар арасындағы өзара байланысты жақсартуға қосатын үлесі туралы ақпарат алды.

Сонымен қатар жобалау саласында жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Атап айтқанда, жаңа технологиялардың сәулеттік идеяларды іздеу, жобалық шешімдерді оңтайландыру, ақпаратты өңдеу және жұмыс процестерін жетілдірудегі әлеуеті қарастырылды. Бұл бағыттағы өзгерістер болашақ мамандардан тек кәсіби білімді ғана емес, цифрлық құралдарды тиімді пайдалану дағдыларын да талап етеді.

Кездесу барысында студенттер кәсіби даму жолдары, тағылымдамадан өту мүмкіндіктері, жұмысқа орналасу кезеңдері және жұмыс берушілер тарапынан жас мамандарға қойылатын талаптар туралы мәлімет алды. Сала мамандары еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін техникалық біліммен қатар, шығармашылық ойлау, командада жұмыс істеу, жауапкершілік және жаңа технологияларды меңгеру қабілеттерінің маңыздылығын атап өтті.

Кәсіби кездесу студенттерге өздерін қызықтырған сұрақтарын тікелей сала мамандарына қоюға, нақты жобаларды жүзеге асыру барысында кездесетін міндеттер туралы білуге және болашақ мансаптық бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға негізделген мұндай кездесулер білім алушылардың кәсіби көзқарасын қалыптастырып, таңдаған мамандығының ерекшеліктерін тереңірек түсінуіне ықпал етеді.

KazGASA үшін білім беру үдерісін кәсіби ортамен сабақтастыра дамыту – болашақ мамандарды даярлаудың маңызды бағыттарының бірі. Сәулет және құрылыс индустриясының өкілдерімен тікелей байланыс орнату студенттерге саланың нақты қажеттіліктерін түсінуге, кәсіби құзыреттерін жетілдіруге және еңбек нарығына ертерек бейімделуге жағдай жасайды.

Осындай кездесулер академиялық білім мен өндірістік тәжірибе арасындағы байланысты нығайтып, студенттердің кәсіби әлеуетін ашуға, жаңа мүмкіндіктермен танысуына және болашақ мансабына сенімді қадам жасауына жол ашады.