15.11.26

IEC Fusion байқауының финалы өтті: жеңімпаздар анықталды

15 қарашада Charterhouse алаңында International Educational Corporation (IEC) ұйымдарының өкілдерін бір сахнаға біріктірген IEC Fusion байқауының финалы өтті.

 

Байқау IEC білім беру ұйымдарының қызметкерлері, студенттері мен оқушылары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға бағытталды. Финалдық кезеңге 10 жұп қатысып, әрқайсысы өз ұйымының бейнетаныстырылымын ұсынып, шығармашылық нөмірін орындады. Қатысушылар вокал, хореография және актерлік шеберліктерін көрсетіп, өнерді, креативтілікті және командалық жұмысты үйлестіре білді.

 

Қатысушылардың өнерін шығармашылық және медиа индустриясы, сондай-ақ корпоративтік басқару саласының өкілдерінен құралған кәсіби қазылар алқасы бағалады. Байқау қорытындысы бойынша үш жүлделі орынның иегерлері анықталды.

 

IEC Fusion байқауының жеңімпаздары:

 

 I орын – Умида Сарманова мен Сабина Мұратова (KazGASA). Жеңімпаздарға 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

 

 II орын – Самал Жанатқызы мен Әлішер Сағынаев (KazGASA). Екінші орын иегерлерінің жүлдесі – 500 000 теңге.

 

III орын – Digital College командасы. Үшінші орын үшін 300 000 теңге көлемінде сыйлық берілді.

 

Негізгі жүлделі орындардан бөлек, қатысушылар креативтілік, әртістік шеберлік, вокалдық орындау, сахналық образ және қойылымның ерекшелігі сынды қырларды қамтитын 10 арнайы номинация бойынша марапатталды. Сондай-ақ барлық финалистке «Золотое яблоко» дүкенінің сыйлық сертификаттары табысталды.

 

IEC Fusion тек таланттар байқауы ғана емес, сонымен қатар IEC ұйымдарының өкілдеріне жақынырақ танысып, шығармашылық әлеуетін ашуға және корпоративтік бірлікті нығайтуға мүмкіндік берген ортақ алаңға айналды. Финал білім беру ортасы кәсіби білім мен академиялық жетістіктерді ғана емес, жарқын шығармашылық бастамаларды да біріктіретінін көрсетті.